Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы Сағынтаев Бақытжан Әбдірұлы

Президент Әкімшілігін өз қызметін Елбасының тікелей басшылығымен атқаратын Президент Әкімшілігінің Басшысы басқарады.

Президент Әкiмшiлiгiнiң Басшысы:

  • Мемлекет басшысының бекiтуiне Президент Әкімшiлiгi туралы ереженi ұсынады, Президент Әкiмшiлiгiнiң құрылымы мен штаты жөнiнде ұсыныстар енгiзедi, Президент Әкiмшiлiгiнің штат кестесін бекітеді, оған бекітілген штат саны шегінде өзгерістер енгізеді;
  • Мемлекет басшысының көмекшiлерi мен кеңесшiлерiнiң жұмысын үйлестiредi, Әкiмшiлiктiң құрылымдық бөлiмшелерiнiң жұмысын ұйымдастырады және бағыттап отырады, өзге мемлекеттiк органдармен өзара iс-қимылын қамтамасыз етедi;
  • Мемлекет басшысының қарауына Президенттiң көмекшiлерi мен кеңесшiлерiн, Президент Әкiмшiлiгi құрылымдық бөлiмшелерiнiң басшыларын қызметке тағайындау және қызметтен босату туралы ұсыныстар енгiзедi, Қазақстан Республикасы Президентi Әкiмшiлiгiнiң қызметкерлерiн қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
  • Президент Әкiмшiлiгiнiң құрылымдық бөлiмшелерi туралы ереженi, Президент Әкiмшiлiгiнiң қызметкерлерiнiң лауазымдық нұсқаулықтарын бекiтедi;
  • Мемлекет басшысының актiлерiнiң орындалуы мен сақталуын, оның тапсырмаларының орындалуын, Президент Әкiмшiлiгiнде құжаттардың өтуiн бақылау жөнiндегi жұмысты үйлестiредi;
  • Республика Президентiнiң қол қоюы мен қарауына Парламент қабылдаған заңдарды, Жарлықтардың, өкiмдердiң жобаларын және Мемлекет басшысына жолданған басқа да құжаттар мен материалдарды ұсынады;
  • тұрақты негiзде Президент Әкiмшiлiгiнiң Парламентпен, оның Палаталарымен, жұмыс органдарымен және аппаратымен; Үкiметпен және Премьер-Министр Кеңсесiмен; министрлiктермен және өзге орталық атқарушы органдармен; Конституциялық Кеңеспен; Жоғарғы Сотпен; Бас прокуратурамен, Ұлттық қауiпсiздiк комитетiмен, Республика Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн өзге мемлекеттiк органдармен; Ұлттық Банкпен; Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөнiндегi есеп комитетiмен; облыстардың, Республика астанасының және республикалық маңызы бар қалалардың әкiмдерiмен және мәслихаттарымен; жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарымен; саяси партиялармен және өзге қоғамдық бiрлестiктермен; бұқаралық-ақпараттық құралдарымен; халықпен байланысын қамтамасыз етедi;
  • Республика Президенті өзіне жүктеген басқа да өкілеттіктерді жүзеге асырады.

 

Президент Әкімшілігінің Басшысы

САҒЫНТАЕВ Бақытжан Әбдірұлы ​

1963 жылы 13 қазанда Жамбыл облысы Талас ауданы Үшарал ауылында туды.

С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірді, экономика ғылымдарының кандидаты.

Еңбек жолын Алма-Ата халық шаруашылығы институтының саяси экономика кафедрасының оқытушысы болып бастады.

1988-1992 жылдар аралығында С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде жұмыс істеді, ассистент лауазымынан әлеуметтану кафедрасының доцентіне дейінгі жолды өтті.

1992 жылдан 1998 жылға дейін кәсіпкерлік қызметпен айналысты.

1998 жылы – Жамбыл облысы әкімінің орынбасары.

1999-2002 жылдары – Қазақстан Республикасының Шағын бизнесті қолдау жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары, «Шағын кәсіпкерлікті дамыту қоры» ЖАҚ басқармасының төрағасы, Қазақстан Республикасының табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті қорғау және шағын бизнесті қолдау жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары.

2002-2004 жылдары – Қазақстан Республикасының табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау жөніндегі агенттігі төрағасының бірінші орынбасары.

2004-2007 жылдары – Қазақстан Республикасының табиғи монополияларды реттеу жөніндегі агенттігінің төрағасы.

2007-2008 жылдары – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің басшысы.

2008 жылғы 30 қыркүйекте Павлодар облысының әкімі болып тағайындалды.

2012 жылғы 20 қаңтарда Қазақстан  Республикасының  экономикалық даму және  сауда министрі болып тағайындалды.

2012-2013 жылдары – «Нұр-Отан» ХДП  Төрағасының бірінші орынбасары.

2013 жылдың 16 қаңтарында Мемлекет басшысының Жарлығымен  ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары – Өңірлік даму  министрі болып тағайындалды.

2013 жылдың 6 қарашасында Мемлекет басшысының Жарлығымен ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары болып тағайындалды.

2016-2019 жылдары – Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі.

2019 жылғы 1 наурыздан бастап – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы.

2019 жылғы 24 наурызда Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің Басшысы болып тағайындалды.

«Құрмет», «Парасат» ордендерімен және мерейтойлық медальдармен марапатталған.

Үйленген, екі баласы бар.


 
 Басшылық