Жаңалықтар

13 қыркүйек 2016
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Жарлық

Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 3) тармақшасына сәйкес мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту және оның тиімділігін арттыру мақсатында қаулы етемін:

1. Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі, оған:

Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінен – діни бірлестіктермен өзара іс-қимыл, діни сенім бостандығына азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету, сондай-ақ мемлекет пен азаматтық сектордың өзара іс-қимылы салаларындағы;

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінен – жастар саясаты саласындағы функциялары мен өкілеттіктері беріле отырып, құрылсын.

2. Қазақстан Республикасының Үкіметі:

1) Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігімен келісу бойынша қайта ұйымдастырылатын және құрылған мемлекеттік органдардың штат санын қайта бөлуді;

2) осы Жарлықтан туындайтын өзге де шаралар қабылдауды қамтамасыз етсін.

3. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымы туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 22 қаңтардағы № 6 Жарлығына мынадай толықтыру енгізілсін:

1-тармақта:

«Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі;» деген жолдан кейін мынадай мазмұндағы жолмен толықтырылсын:

«Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі;».

4. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.

5. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

 

Қазақстан Республикасының                                                                                               

              Президенті                                                                                                          Н.Назарбаев

 

Астана, Ақорда, 2016 жылғы 13 қыркүйек

                   № 329


Барлық жаңалықтар
 
Өзге оқиғалар
Барлық оқиғалар