Жаңалықтар

9 маусым 2014
Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойылуына байланысты Елбасының атына хаттар мен жеделхаттар келіп түсті

 

Астанада Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің мемлекет басшылары деңгейіндегі отырысы өтуіне және Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойылуына байланысты Қазақстан Президентінің атына құттықтаулар келіп түсуде.

Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойылуына байланысты Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты С.Досанов өз құттықтауын жолдады.

«Қазақстан, Ресей және Беларусь президенттерінің осы тарихи құжатқа қол қоюы біздің еліміздің одан әрі дамуы мен өркендеуі үшін қуатты серпін болады», - деп атап өткен жазушы.

Еуразиялық экономикалық одақты құруға Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің студенттері мен оқытушы-профессорлары атынан осы оқу орнының ректоры  А.Газалиев қолдау білдірген.

«Еуразиялық одақ құру идеясын Сіз тұңғыш рет осыдан 20 жыл бұрын ұсындыңыз. Бүгінде еуразиялық ықпалдастық іс жүзіне асуда және өзінің маңыздылығын дәлелдеуде», - делінген хатта.

«Alageum Electric» компаниясының бақылаушылар кеңесінің төрағасы С.Қожабаев  өз кезегінде сауда байланыстары мен тауар өндірушілер ықпалдастығын дамыту үшін ЕАЭО құрудың тиімділігін атап өткен.

«Ықпалдастық үдерістерді тереңдету біз үшін пайдалы және біздің мүдделерімізге сай. Электрлі машина жасау саласында жұмыс істей жүріп, біз нарыққа бәсекеге қабілетті электр-техникалық өнімдерді шығару арқылы сыртқы сауда байланыстары қарқынын одан әрі арттыра түсетін боламыз», - деп жазады автор.

 «Саутс-ойл» мұнай-газ компаниясының президенті С.Сейтжанов түрлі салалар үшін ықпалдастықтың маңыздылыған атай отырып, шартқа қол қоюды тәуелсіз Қазақстанның дамуындағы жаңа кезеңінің бастапқы нүктесі деп атаған.

«Біздің кәсіпорындарымыздың бірі  - «Стандарт Цемент» ЖШС 2013 жылы дайын өнім шығару бойынша өзінің жобалық қуатына жетті. Бұған Кедендік одақ пен Бірыңғай экономикалық кеңістіктің жұмысы ықпал еткен сөзсіз, өйткені біздің өнім көрші елдерде үлкен сұранысқа ие», - дейді С.Сейтжанов.

Алматының тұрғыны М.Жауаров өз хатында Мемлекет басшысын Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойылуымен құттықтап, осы бірлестіктің сәтті дамуын тілеген.

Оңтүстік Қазақстан облысының зиялы қауым өкілдері Еуразиялық экономикалық одақ құру отандық кәсіпкерлік үшін зор мүмкіндіктер ұсынатынын атап өткен.

«Сіз бастамашылық еткен тарихи жобалардың бәрі бүгінде өміршеңдігін танытуда. Қазірдің өзінде елеулі нәтиже көрсетіп жатқан Кедендік одақ сондай мысалдардың бірі болып саналады», - дейді хат иелері.


 


Барлық жаңалықтар
 
Өзге де баспасөз мәслихаттары мен ақпараттық хабарлар
Барлық баспасөз мәслихаттары мен ақпараттық хабарлар