National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Бүгін Ақордада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар шет елдердің Қазақстан Республикасындағы жаңадан тағайындалған елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады

2013 жылғы 04 қыркүйек

Қазақстан Президентіне Словакия Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Петер Юза, Грузияның Төтенше және өкілетті елшісі Зураб Патарадзе, Моңғолияның Төтенше және өкілетті елшісі Жагир Сухуээ, Қытай Халық Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Лэ Юйчэн, Финляндия Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Илкка Унто Калерво Райсанен сенім грамоталарын тапсырды.

Мемлекет басшысы елшілерді Қазақстан Республикасындағы дипломатиялық миссияларының басталуымен құттықтап, олардың қызметтері сенім мен өзара түсіністікті нығайтуға, екіжақты ынтымақтастық әлеуетін барынша арттыруға бағытталатынына сенім білдірді.

– Біздің еліміз бүгінде тәуелсіз дамуының маңызды және жауапты кезеңін бастан өткеруде. Өткен жылғы желтоқсанда Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму Стратегиясы қабылданды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті халықаралық маңызы бар бірқатар жобалар іске асырылып жатқанын айтты.

– Қазақстанның және оның түрлі құрлықтағы серіктестерінің бірлесе күш салуымен еліміздегі ірі Қашаған мұнай-газ кен орнының өндірістік нысандары іске қосылды. «Қорғас – Жетіген» теміржол құрылысы аяқталды. Еліміздің Ресеймен және Беларусьпен бірге Кеден одағына және Бірыңғай экономикалық кеңістікке мүше болуының арқасында Қазақстан нарығының мүмкіндіктері арта түсуде, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев жаңартылған және баламалы энергия көздерін дамыту үшін Қазақстанға озық технологиялардың тартылуын жаңа экономикалық басымдық ретінде атап өтті.

– Қазақстанның «жасыл экономикаға» өтуінің жаңа тұжырымдамасы бекітілді. Астанада «Болашақтың энергиясы» тақырыбында ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі өтетін болады, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Қазақстанда жүргізілген ауқымды жаңғыртулар экономикалық қана емес, саяси өлшемдерді де қамтитынына тоқталды.

Қазақстан Президенті еліміздің өңірлік және жалпыәлемдік өзекті проблемаларды шешуге белсене қатысатынын атап өтті.

– Оған біздің Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ), Ислам ынтымақтастық ұйымына (ИЫҰ), Еуразия экономикалық қоғамдастығына (ЕурАзЭҚ), Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ), Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына (ҰҚШҰ) және Түркі кеңесіне табысты төрағалық еткеніміз дәлел. Біздің еліміз Ауғанстанды қалпына келтіру ісінде әлемдік қоғамдастыққа көмек көрсетіп келеді және Иранның ядролық проблемасын реттеуге үлес қосуда. Қазақстан алда да халықаралық прогрессивтік бастамаларды қолдап, жаһандық және өңірлік қауіпсіздікке өз үлесін қоса беретін болады, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Қытаймен ынтымақтастық біздің еліміздің сыртқы саясаттағы басым бағыттарының бірі болып саналатынын атап өтті.

– Біз бүгін стратегиялық серіктестік рухындағы екіжақты өзара іс-қимыл қарқыны ұдайы артып келе жатқанын көріп отырмыз. Ол ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға алдағы алғашқы мемлекеттік сапарының нәтижесінде жаңаша дамитынына сенемін. Елші мырза біздің халықтарымыз арасындағы сенім мен өзара түсіністікті одан әрі нығайту үшін өзінің күш-жігерін салады деп ойлаймын, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Қазақстан Моңғолиямен өзара іс-қимылды жан-жақты дамытуға жете мән беретінін атап өтті.

– Бізде саяси диалог орныққан, ведомствоаралық байланыс пен парламенттік ынтымақтастық дамып келеді. Үкіметаралық деңгейдегі іскерлік байланыстарды жандандыруға күш салу керек. Бұл ретте мәдени-гуманитарлық ынтымақтастыққа зор мән беріледі. Моңғолияда шілдеде өткен Президент сайлауының нәтижелері Қазақстан-Моңғолия екіжақты қарым-қатынастарын ілгерілету бағытын жалғастыруға мүмкіндік беретініне сенемін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті біздің еліміз Грузиямен екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға және нығайтуға мүдделі екенін мәлім етті.

– Оның маңызды сауда және саяси серіктес ретіндегі мәртебесін сақтау ниетін көздейміз. Бүгінде екіжақты ынтымақтастықтың күн тәртібінде транзит-көлік әлеуетін дамыту, кең ауқымды шарттық-құқықтық база құру, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстар аясын ұлғайту мәселелері тұр, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Финляндия біздің еліміздің Еуропа Одағындағы перспективалық серіктесі ретінде қарастырылатынын атап көрсетті.

– Біз Хельсинкимен тұрақты және сенімді диалог орнатып келеміз. Финляндия Президенті Саули Ниинистёнің Қазақстанға биылғы сәуір айындағы мемлекеттік сапары жан-жақты диалогты тереңдету мақсатын көздейтінімізді көрсетті. Финляндия компаниялары инновацияны дамытуға және жоғары технологияны енгізуге байланысты жобаларға белсене қатысуға мүдделі болып отыр, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы біздің еліміз Словакия Республикасымен өзара тиімді ынтымақтастықты жаңа сапалы деңгейге көтеруге мүдделі екенін атап өтті.

– Бұл үшін бізде барлық қажетті мүмкіндік бар. Машина жасау, энергетика, көлік және коммуникациялық инфрақұрылымдар, құрылыс, металлургия, химия өнеркәсібі салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыру үшін әлеуетіміз жеткілікті. Словакиямен серіктестік қарым-қатынасымыз одан әрі дами түседі деп үміттенеміз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті елшілердің миссиялары маңызды және жауапты екенін атап өтіп, қонақжай Қазақстан жерінде жемісті жұмыс тіледі.

– Сіздердің қызметтеріңіз мемлекеттің жан-жақты қолдау көрсетуімен жүзеге асатын болады. Біз Қазақстанның сіздердің елдеріңізбен сенім, өзара түсіністік, тең құқылық пен достық негізіндегі қарым-қатынастарын нығайта беретін боламыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Бұқаралақ ақпарат құралдарына арналған брифинг барысында Словакия Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Петер Юза екіжақты қарым-қатынастарды сауда-экономикалық өзара іс-қимыл аясын ұлғайтуға бағдар ете отырып жаңа деңгейге шығару күтілетінін атап өтті.

– Егер бұдан 10 жыл бұрын елдеріміз арасындағы тауар айналымының деңгейі шамамен 35 млн. еуроны құраған болса, ал өткен жылы 80 млн. еуроға жақындады. Екі ел арасында экономикалық ынтымақтастық жөнінде үкіметаралық комиссия құрылған, бұл біздің қарым-қатынасымызды одан әрі дамытуға қуатты серпін береді, – деді П.Юза.

Грузия елшісі Зураб Патарадзе өзі үшін Қазақстан сияқты достас және бауырлас елде жұмыс істеу зор құрмет екеніне тоқталды.

– Біздің елдеріміз арасындағы екіжақты қарым-қатынастар қарқынды дамуда, бұл әсіресе экономикалық ынтымақтастыққа да қатысты. Грузияда бірқатар бірлескен жобалармен жұмыс істеп жатқан Қазақстан компаниялары саны жағынан көп. Екіжақты ынтымақтастықты дамыту үшін бізде зор әлеует бар, – деді З.Патарадзе.

Моңғолия елшісі бүгін өзінің бауырлас халықтардың игілігі мен мүддесі жолында екіжақты қарым-қатынастарды орнатуға ресми кіріскенін айтты.

– Біз Қазақстанмен мұнай өңдеу индустриясы, әуе және автожол көлігі, ауыл шаруашылығы тәрізді салаларда ынтымақтастық орнатуға мүдделіміз. Біздің халықтарымызды ежелгі тарихи қарым-қатынасымыз байланыстырады, сондай-ақ екі ел арасында көптеген қызмет бағыттары бойынша ықпалдасуымызға мүмкіндік беретін табиғи-климаттық жағдайларымыздың көптеген ортақтығы бар, – деді Ж.Сухуээ.

Қытай Халық Республикасының елшісі ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиньнің атынан Қазақстан Президентіне деген ыстық ықыласы мен ізгі тілектерін жеткізіп отырғанын атап өтті.

– Мен Ұлт Көшбасшысының басшылығымен сіздің ел халқы қол жеткізген жетістіктерге сүйсінемін. Қытай достас көрші ретінде Қазақстанның табыстарына өте қуанышты. Біздің қарым-қатынастарымыз 20 жыл ішінде орнықты және тұрақты түрде, екі ел халқына зор пайдасын тигізе отырып, дамып келеді. Сонымен қатар, таяу күндері ҚХР Төрағасы Қазақстанға алғашқы мемлекеттік сапарымен келеді. Бұл біздің қарым-қатынастарымызды нығайтуға қуатты серпін беретін өте маңызды оқиға болмақ. Өз кезегінде мен стратегиялық және жан-жақты серіктестікті одан әрі нығайту үшін қолымнан келетіннің бәрін жасайтын боламын, – деді Л.Юйчэн.      

Финляндия елшісі Илкка Райсанен Финляндия Президенті С.Ниинистёнің Қазақстанға сапары кезінде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру үлкен міндеті болып табылатынын атап өтті.

– Бүгінде Қазақстан – әлемдегі экономикалық өсімі жағынан ең қарқынды елдердің бірі. Астананы ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізетін болғанымен құттықтағым келеді. «Болашақтық энергиясы» тақырыбы бүкіл әлемде өте өзекті. Қазақстан «жасыл экономика» саласындағы ізашар ретінде көшбасшылық рөл атқаратын болады. Біздің елдеріміз арасындағы екіжақты қарым-қатынастар дұрыс бағыттармен жылжи отырып дамып келеді. Менің міндетім – осы процесті қамтамасыз ету, – деді И.Райсанен.

 

                   

 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің